(Русский) Поздравляем с 70-летним юбилеем профессора Абишеву К. М.

IMG_0021ddddddd

ТЕРЕҢ ӨЗЕН ТЫНЫҚ
Шын ғалым қашан да кішіпейіл әрі қарапайым келеді ғой. Әріптесіміз профессор Клара Мұхамедиярқызы Әбішева да сондай. Мінезі жайлы, үлкенді де, кішіні де әрдайым мұқият тыңдап, ой бөлісетін, өз ісіне мығым, қай іске де елгезек адам. Әсіресе, студенттермен қарым-қатынасы ерекше назар аудартады.

Ұстаздық еңбек өтіліне биыл міне, табаны күректей 40 жыл толды. филология ғылымдары бойынша докторлық ғылыми дәреже қорғаған, танымал профессор, «ЖОО үздік оқытушы» секілді тізе берсек бағындырған белестері мен шыңдары да бір басына жетерлік. Соған қарамастан, ол кісінің бойында тоқмейілсу, менменсу-астамсу деген жат мінездің ізі де болмайды. Студент-магистранттармен, жас оқытушылармен әрдайым тең қарым-қатынас жасайды, ұжым мүшелерінің ешбірін бөле-жармай бәрімен де бір кісідей сыйласатын ғажайып жан.

Бүгінгі таңда 70 жасқа толған мерейтойын атап өтіп отырған әріптес апайымыз Клара Мұхамедиярқызы Алматы облысы, Қарашілік аулының тумасы. Мен бастауыш мектептің табылдырығын аттаған балғын шағымда ол кісі сонау 1969 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін филология мамандығы бойынша бітірген екен.Соншама жылдар өтсе де, қазіргі күні еңбекке деген ынтасы, ғылымға деген ықыласы жас буыннан артық болмаса кем түспейді.

Студент, магистранттарға дәріс беріп, ғылыми жетекшілік етіп, ЖОО саласындағы ұшы-қиыры жоқ таусылмайтын қағазбастылық пен қоғамдық-мәдени түрлі жұмыстары толастамай жатса да профессор Клара Әбішева бәріне үлгереді. Жыл сайын аз дегенде бір оқулық, бірнеше ғылыми мақала жазып жарыққа шығару профессор апайымыз үшін әдеттегі шаруа іспетті. Ара-тұра Батыс Еуропа мен Шығыс Азия елдеріне ат терлетіп барып, халықаралық конференцияларға, симпозиумдарға қатысып, баяндама жасап келетіні де бар.

Кейбір ғалымдар оқулықтары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының аясын қорғаған диссертациясының айналасымен ғана шектеп қоятыны бар. Тіпті, жазған диссертациясының негізінде шығарған бірер монографиясымен барлық жұмысқа нүкте қоя салатындар да қаншама. Ал, профессор Клара Мұхамедиярқызында ондай әдет жоқ. Шәкірттеріне қандай пәннен сабақ берсе, міндетті түрде сол сала бойынша қажымай-талмай ізденеді, оқулық я болмаса, монографиялық еңбек жазып жарыққа шығарады. Ғылыми жетекшілік жасаған еңбектерді де назардан тыс қалдырмайды. Тереңдеп тани түсуге, ары қарай ғылыми-зерттеуге ұластырып, жалғастыра беруге барынша ден қояды.

Базалық білімі орыс тілі мен әдебиеті пәніне қатысты болғанымен, профессор апайымыз өз ана тілін де жетік білетін бірегей лингвист ғалым. Ғылыми еңбектерін екі тілде алма-кезек жазып, жарыққа шығара береді.

Бүгінгі күні «Тұран-Астана» университетінің ғылыми кеңесі мен оқу-әдістемелік комиссиясының кезекті отырыстарының профессор К.Әбішеваның авторлығымен дайындалған қолжазбаның талқыланбай өтетін тұсы сиректеу шығар. Олай дейтініміз, жыл сайын баспаханадан жарыққа шығып жатқан көптеген еңбектердің арасынан апайдың аты-жөнін жиі көреміз. Біріне өзі автор болса, келесі біріне редакторлық етеді, тағы біріне рецензия жазады дегендей.

Соңғы жылдары «Тұран-Астана» университетіндегі аударма ісі мамандығының студенттеріне дәріс беріп келе жатқан Клара Әбішеваның оқулықтары мен оқу құралдары қазақ-орыс тілдерінде жиі жарық көріп жатыр. Профессордің оқырмандарын айтпағанның өзінде, шәкірттері, ғылыми әріптестері бір ғана оқу орнымен шектелмейді. Ол кісіні қаладағы өзге университеттерден іздеп келіп, ақыл-кеңес сұрайтын ізденушілер, ғылыми еңбектерін ұсынып пікірін білгісі келетін магистрант, докторанттар қатары оқу жылы бойында еш толастаған емес. Апайымыз бәріне де үлгереді. Әрбір ғылыми еңбекке мұқият қарап, ақыл-кеңесін береді, зерттеу әдістері мен тұжырымдарына ерекше жанашырлықпен қарайды.

Сонымен қатар құзырлы министрлік үшін Ғылыми-техникалық талдау орталығында сарапшы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дегі әріптестері үшін мемлекеттік аттестаттау комиссиясына басшылық жасау секілді жыл сайын қайталанып келе беретін қосымша шаруаларды да апайымыз абыроймен атқарып жүр.

Клара апайдың соңғы кезде көркем әдебиет ауылына да ат ізін салып жүрген жайы бар. Өткен жылы жазғы каникул кезінде Ресейдің атақты жазушысы Александр Потемкиннің «Орыс емделушісі» атты философиялық көркем романын қазақшаға тәржімалап, оқырманға ұсынғаны сөзімізге дәлел.

Профессор Клара Әбішеваның ғылым мен педагогика саласындағы 40 жыл бойғы үзіліссіз еңбегін шәкірттері мен әріптестері, өзі еңбек етіп келе жатқан «Тұран-Астана» университетінің ұжымы әрдайым жоғары бағалайды. Апайымыз атқарып жүрген қыруар еңбегінің ресми түрде бағаланғаны әзірше, оқу-әдістемелік сапалы басылымдар дайындағаны үшін Ахмет Байтұрсынов атындағы медалді жеңіп алғандығы ғана. Бұл да ол кісінің сыйлық пен атаққа ұмтылмайтын кішіпейілдігін көрсетсе керек.

Апайымыздың мерейтойының өзі Қазақстан ғылым күнімен сәйкес келуі белгілі лингвист ғалымның еңбек жолымен белгілі бір сабақтастығы бардай сезіледі.

Қысқасы, филология ғылымдарының докторы, профессор, аудармашы Клара Әбішеваның мінез-құлқы мен бар болмысынан «терең өзеннің тынық ағатынын, білімдар жанның байыпты келетінін» анық аңғарамыз.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

журналист

Comments are closed.